Желіде Астана маңындағы жеке ұшақтың құлаған сәті түсірілген видео тарады – бұл төтенше жағдай өткен жексенбіде болған еді. Салдарынан екі адам қаза тапқан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Видеоны Instagram желісінде myastanacity парақшасы жариялады.
"Кеше туған жеріме келе жатқан жолда ұшақтың құлаған сәтін видеоға түсірдім. Бастапқыда әдемі аспанды видеоға түсіріп алайын дегенмін, алайда ұшақ апаты кадрға ілініпті. Қатты қорықтым, шыны керек, өзімді жайсыз сезіндім", — дейді видео авторы.
Еске сала кетейік, жексенбі, 17 тамызда Көлік министрлігі Ақмола облысында Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл ұшағы авиациялық оқиғаға тап болғанын хабарлаған еді.
Тексеру үшін комиссия құрылып, көлік министрлігінің қызметкерлері апат орнына аттанды.
Журналист Михаил Козачков Telegram желісіндегі арнасында ұшақтың иесі мен онымен бірге ұшқан әйел апаттан қаза тапқанын хабарлады.
Кейін Көліктегі полиция департаменті өкілдері екі адамның – ұшқыш пен жолаушының қаза тапқанын растады.
Полицейлер Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе темір жол, әуе, теңіз немесе өзен көлігін пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
"Жол апатының себептері анықталып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды", — деп хабарлады құқық қорғау органдарының өкілдері.
Ал кеше, жеке ұшақтар апатқа ұшырағаннан кейін Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында ұшақтарды жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілетіні белгілі болды. Соған байланысты әуе кемелері авиациялық апатқа ұшыраған операторлардың рейстері уақытша тоқтатылды.
Сонымен қатар жеңіл және аса жеңіл ұшақтардың ұшуға жарамдылығын бағалайтын ұйымдардың қызметі тексеріледі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Моя Астана (@myastanacity)
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз