Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету агрегаторларын пайдалану жөніндегі қанатқақты жобаны іске асыру қарқын алып келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен биылғы жеті айда Астана мен Алматыда 266,8 мың рет инватакси қызметі көрсетілді.
Былтыр мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметін 207,2 мың рет пайдаланған. Инватакси қызметін көрсету жылдамдығы мен сапасын арттыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, осы қызметке өзгеріс енгізді. Мысалы, азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет, бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватаксиге тапсырыс беруді күтуге мәжбүр етеді, инватакси қызметтерін ұсынуда көлік санының аздығы сынды мәселе де туындайды. Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту мақсатында қанатқақты жоба қолға алынды.
Мұндағы басты шарт сапарлардың ақысынан пайыздың болмауы, олар әдетте агрегатор платформаларының пайдасына аударылатын. Яндекс компаниясы қанатқақты жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.
Жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы инватакси қызметін қолдана алады. Бұл қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдауға, онлайн режімде тапсырыс мәртебесін қадағалап, әрі сапарларға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде, жүргізушілер адамды көлікке отырғызып, межелі жерге жеткен соң түсіруде қалай көмек көрсету қажеттігін арнайы нұсқаулардан біле алады.
Биыл жоба Астана мен Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдар қатарынан фокус-топтың қатысуымен қанатқақты режімде іске асып жатыр. Министрлік келешекте басқа өңірлерде де игі жобаны іске қосуды көздеп отыр.