Ол бұған дейін " Қазақстан " телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы қызметін атқарды.

Белгілі журналист Ләззат Танысбай "Қазақстан" телерадиокорпорациясындағы қызметін аяқтап, "Еуразия" бірінші арнасының басшылығына келді. Бұл туралы "Қазақстан" арнаcының баспасөз қызметі хабарлады.

"Бірге қызмет еткен әріптестеріме алғыс айта отырып, Басқарма төрайымы ретіндегі қызметімді аяқтауды жөн санадым. Алты жылдан астам уақытта ең мықты, кәсіби ұжыммен бірге жауапты кезеңдерді еңсеріп, мақсат етіп қойған жобаларды жүзеге асырдық. Корпорацияның қазіргі уақыттағы жетістіктері әріптестерімнің өз ісіне адалдығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі. Осы кезеңде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіби дамуына қолайлы орта қалыптастыруға тырыстым. Себебі жайлы еңбек – ортасы нәтижелі жұмыстың, тұрақтылық пен табыстың негізі. Қазақ телевизиясының қарашаңырағы саналатын ұйымда бұған дейін талай жетекшілердің өзіне лайық қолтаңбасы қалды. Бұл сабақтастық жалғасын табуы қажет. Уақытпен бірге басшылардың да алмасып, ұйым жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беріліп отыруы керек деп есептеймін. Бұл шешіміме қолдау білдірген сала министріне алғыс айтамын. Мен әрі қарай да отандық телевизия саласының дамуына еңбек етемін", – деді Ләззат Танысбай rорпорацияның жетекшілерімен кездесуінде.

Ләззат Танысбай "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясын 2019 жылдың сәуір айынан бері басқарып келді. Корпорация осы жылдар аралығында айтарлықтай жетістіктерге жетіп, теле және радио арналарының рейтингі өсті, коммерциялық табысы 50%-ға артты.Корпорация тарихи тұлғаларға арналған телехикаялар түсіруге ден қойды.

Balapan телеарнасының 15 жылдығына орай "Шоқан. Қашқарияға сапар", "Желаяқ", "Тоқты мен Серке" анимациялық туындылары үлкен экрандарға шықты. 2020 жылы Ләззат Танысбайдың жетекшілігімен Корпорация құрамында мәдени-ағарту бағытындағы "Abai TV" телеарнасы іске қосылды. 2023 жылдан бастап "Qazaqstan" және "Balapan" телеарналары Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерінің аумағына таратыла бастады.

Диджитал бағытында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды: altynqor.com сайты, "Birge.tv" стримингтік платформасы мен түрлі тақырыптық бағыттар бойынша 10 веб-телеарна іске қосылды. "Алтын қордағы" 1500 ән-күй мен фольклорлық аудиошығармалар 100-ден астам әлемдік музыкалық платформаларға жүктеліп, жинақ ретінде жарыққа шықты.Спорттық трансляцияларды таратушы негізгі медиаұйым ретінде Корпорация комментаторлар мен спорт журналистеріне арналған "Комментатор сөздігін", журналистерге арналған кәсіби этика стандарттарынан тұратын "Редакция стандарты" нұсқаулығын шығарды.

Корпорация жанынан болашақ телевизия мамандарына арналған Медиамектеп іске қосылып, төрт жыл ішінде 123 студент тегін білім алып шықты. Оның ішінде 24 студент Корпорацияға жұмысқа қабылданды.