Бүгін Ақтөбеде дәстүрге айналған "Ақтөбе-2025 марафоны" өтті. Жыл сайын өтетін іс-шараға биыл 1300 адам қатысты. Олар 3, 10 және 21 шақырымдық қашықтықтарда жарысты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақтөбеге 13-ші жыл сайынғы марафонға қатысу үшін Қарағанды, Орал, Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ресейдің Орынбор және Орск қалаларынан марафоншылар келді. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет те жарыс жолағын жүгіріп өтті. Ол мәреден кейін барша қатысушыларды қала күнімен құттықтап, шаһардағы бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс айтты.
Жас та, қарт та таңертең осы марафоннан табылды.
Жарыстың ең кішкентай қатысушысы — 10 жаста, ал жасы үлкені Жұмабай Отарғалиев — 70 жаста. Ол Ақтөбе қаласының тұрғыны, көп жылдар бойы түрлі марафондарға қатысып келеді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жастардың спортпен көп шұғылданатыны қуантады.
"Өскелең ұрпақтың рухы мықты болсын десек, біз әркез өзіміз үлгі болуымыз керек. Спортқа баулу арқылы жастарға жақсы әдеттерді сіңіруіміз керек", — деді ол.
Бұған дейін Ақтөбеде қала күніне арналған этнофестиваль өткенін жазғанбыз.