Астанада 33 жастағы әйел “оқу тағдырын шешіп беремін” деп сендіріп, бірнеше студент пен олардың ата-анасын сан соқтырған, деп хабарлайды Zakon.kz.
ІІМ таратқан ақпаратқа сүйенсек күдікті өзін жоғары оқу орнында беделді байланыстары бар адам ретінде таныстырған. Ол ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерге мемлекеттік грантқа ауыстырып беремін деп уәде еткен. "Бар болғаны ақшасын берсеңдер болды, қалғанын өзім реттеймін" деп сендірген.
"Ата-аналар балаларын грантқа түсіру үшін соңғы тиынына дейін жинап берген. Бірі қарыз алған, бірі тұрмыстық техникасын сатқан. Алайда грант та жоқ, ақша да жоқ – ал "көмекші ханым" жұмыстан шығып, телефон сөндіріп, ғайып болған. Шығын көлемі 800 мың теңге. Жәбірленушілер біраз уақыт күтіп, уәде орындалмаған соң, полицияға шағымданған",- делінген ақпаратта.
Қазір күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәртіп сақшылары оның осындай әдіспен алдаған басқа да азаматтарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Бұған дейін Қазақстанда 12 ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы ұсталғандығы хабарланған болатын.