2025 жылдың І жартыжылдығында құны 1,1 трлн теңгеден асатын 968 ұзақмерзімді келісімшарт жасалды. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.

«2024 жылы елімізде құны $2 млрд-тан асатын 898 ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасалды, 2025 жылғы қаңтар-маусым айларында құны 1,132 трлн теңгеге болатын 968 шарт ресімделді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 1,9 есеге жоғары», – делінген хабарламада.

Жақсы мысал ретінде Талдықорғанда ұсақтау шарларын өндіретін зауыт салуға KAZMinerals және чилилік ME Elecmetal компаниялары арасындағы инвестиция көлемі $85 млн болатын офтейк-келісімшартын келтіруге болады. Жоба халықаралық инвесторлармен әріптестікті кеңейту жөніндегі Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Биыл ірі тапсырыс берушілерді, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушыларды тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуге және орындауға міндеттейтін түзетулер қабылданды.

Өнеркәсіп саласын қолдау үшін жаңа құрал – кепілдендірілген сатып алу шарты енгізілді. Осындай шарттың талаптарына сәйкес, өндіріс кәсіпорны өнімді белгілі бір көлемде тұрақты түрде жеткізуге міндеттенеді, ал тапсырыс беруші саланың болжамдылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ететін ұзақмерзімді сатып алуға кепілдік береді.