Бұқар жырау ауданының әсем Ошағанды шатқалында JADIGER бірлестігінің халық шеберлері қазақ қолөнерінің мерекесін ұйымдастырды. Ашық аспан астында этноауыл тігіліп, киіз үйлер, кілемдер, иісі аңқыған шай және жаңа піскен бауырсақпен үйдегідей жылы атмосфера орнады. Ең бастысы жастарға шеберлер ежелгі технологияларды көрсете отырып, киіз басуды, кесте тігу, сырмаққа өрнек салуды үйретті.
JADIGER бірлестігінің төрайымы Перизат Құлымбетова ұлттық мәдениетке деген қызығушылық дәл осындай шараларда оянып, шеберлердің еңбегі танымал болатынына сенімді.
– Қазақ киізінің иісі, бауырсақтың дәмі мен қолөнердің жаны қайта оянсын. Қарағанды облысының шеберлері әлемге танылсын. Мұнда біз ата-баба рухын сезінеміз: киіз үй тігіп, кесте тігіп, шай қайнатып, ән салып, әңгімелесеміз, – дейді Перизат Құлымбетова.
Іс-шараның басында 72 жастағы Камаш Төлеубаева болды. Ол анасынан алған білімін ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.
– Бала кезімізден текемет, кілем, киіз үй жабдықтарын жасап өстік. Әжелерімізге қарап, біз де сол дәстүрді жалғастырып жатырмыз. Бүгінгі күнде осы өнерді жастарға үйрету – басты міндет, – дейді Қамаш апа.
Бастауыш сынып мұғалімі Балдырған Қаби қазақтың ұмыт болған кестелеу өнерін қайта жаңғыртып келеді.
– Бас киім, орамал, кимешек тігеміз. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, өте төзімділік пен сабырлықты қажет ететін жұмыс. Қуантатыны – қазір этноүлгіге сұраныс артып келеді, оны жастар да, үлкендер де киюге ұмтылады, – дейді ол.
JADIGER бірлестігі халық қолөнерін жан-жақты дамытуда. Биыл Қарағандыда жүн өңдеу цехы ашылып, өңірдің танымал дизайнерлерінің қатысуымен ІІ облыстық қолөнершілер форумы өтті. Сондай-ақ, облыс бойынша көрмелер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Шеберлер ASPARA FASHION WEEK, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, мәдени форумдар мен этножобаларға қатысып, өнерлерін паш етті. Айта кетерлігі, облыстың 27 шебері «Аламан құрақ» жобасымен Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Ұлттық өнерді насихаттауда Перизат Құлымбетованың халықаралық жобаларға қатысуы да маңызды рөл атқарды. Екі жыл бұрын ол Қазақстан мен Франция президенттерінің қатысуымен өткен Этноауылда өңір атынан өнер көрсетті, ал өткен жылы ЮНЕСКО өкілдерінен шақырту алды.
Ұмыт болған дәстүрлі өнерді қайта тірілтіп жүрген шеберлердің қатарында қарағандылық этнодизайнер Евгения Шульц та бар. Он жылдық шығармашылық жолында оның киіз бұйымдарынан бастап сүйектен жасалған нәзік оюларына дейінгі туындылары АҚШ, Франция, Германия және басқа елдерде көрмеге қойылды.
– Сүйек пен жүн – тылсым қасиеті бар материалдар. Қазақтар сүйектен жасалған бұйымдарды қорғаныш күші мен ата-бабамен байланысы бар деп бағалаған. Мысалы, жануар азуынан жасалған алқа жауынгерге күш берсе, сүйекке салынған өрнек отбасыға береке әкелген, – дейді шебер.
Сүйек ою – зергерлік дәлдік, төзімділік пен материалды терең білуді талап етеді. Евгения өз еңбектерінде көне қазақ оюларын және басқа мәдениеттерден алған шабытын үйлестіреді. Оның жылқы бас сүйегіне жасалған «Ғасырлар даналығы» туындысы – дәстүр мен авторлық көзқарастың үйлесімін көрсететін бірегей еңбек.
Қарағанды облысында халық қолөнерінің дамуына облыс әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мәдени және қоғамдық ұйымдар қолдау көрсетуде.