ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 2025 жылғы 7-17 тамыз аралығында Қытайда өтіп жатқан Дүниежүзілік ойындардың қорытындысымен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қытайдың Чэнду қаласында төрт жылда бір мәрте өтетін халықаралық додада өте сәтті өнер көрсетіп, үздік деп танылды.

"Қазақстан құрамасы сегіз спорттың түрінен сынға түсіп, жүлде саны мен сапасы жағынан (2 алтын, 5 күміс, 3 қола) өз тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті", делінген ведомство хабарламасында.

Дүниежүзілік ойындарда ел намысын ең көп 31 спортшы қорғады:

  • Жәнібек Әбу-Бәкір (джиу-джитсу) — алтын медаль,
  • Ұлбосын Әділова (самбо) — алтын медаль,
  • Мөлдір Жаңбырбай (WKF каратэ) — күміс медаль,
  • Нұрсұлтан Дүйсенқұлов (джиу-джитсу) - күміс медаль,
  • Маратбек Рахметоллин (самбо) - күміс медаль,
  • Самбодан ерлер құрамасы (Төлеухан Ниетхан, Бақытжан Дүйсембеков, Маратбек Рахметоллин, Тәңірберген Тергеубеков) - күміс медаль,
  • Самбодан әйелдер құрамасы (Аружан Кенесары, Ұлбосын Әділова, Құралай Қабрайқызы, Маржан Бизақ, Айнұр Ақжігітова) - күміс медаль,
  • Аслан Қанатбек (джиу-джитсу) — қола медаль,
  • Сейілхан Болатбек (джиу-джитсу) - қола медаль,
  • Ришат Хайбуллин (спорттық құзға өрмелеу) - қола медаль.

Құзырлы ведомство биыл жауынгерлік самбо 1993 жылдан кейін Дүниежүзілік ойындардың бағдарламасына қайта енгізіліп, нәтижесінде отандастарымыз осы спорт түрінен бір алтын, үш күміс медаль иеленгенін нақтылады.

"Джиу-джитсудан спортшыларымыз өз тарихындағы ең үздік көрсеткішін тіркеді. 1993 жылдан бері осы спорт түрінен тек 2 қола жүлде ғана болса, осы жолы жігіттеріміз бір алтын, бір күміс, екі қола еншіледі. Спорттық құзға өрмелеуден ел тарихындағы бірінші қола медальды Ришат Хайбуллин алды", — дейді құзырлы комитет.

Естеріңізге сала кетейік, Чэндуде әлем­нің 114 елінен келген 3 962 атлет 34 спорт түрінен 256 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.

Бұған дейін қазақстандық теннисші, әлемнің 308-ракеткасы Тимофей Скатов Тоди (Италия) челленджер турнирінің финалына шыққанын жазғанбыз.