Астанада бала отырған лифт тоғызыншы қабаттан құлап кетті. Қуанышқа орай, бала ауыр жарақат алмаған, деп хабарлайды қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Желіде елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт тоғызыншы қабаттан құлап кеткені туралы ақпарат тарады. Желі қолданушыларының сөзінше, лифт ішінде бала болған. Ол құймышағын ауыртып алған.

NUR.KZ тілшісі Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, оқиғаға қатысты пікір білдіруін сұрады. Ведомстводағылар баланы ата-анасы №2 көпсалалы балалар ауруханасына өз бетінше әкелгенін мәлім етті.

"Қабылдау кезінде барлық тиісті маман тексеріс жүргізді. Ауыр жарақат болмағандықтан, ауруханаға жатқызу талап етілмеді. Бала тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілді", — деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Астана полиция департаменті өкілдері де бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады", — деп түсіндірді ПД өкілдері.

Полицейлер тұрғындарға кабинаға артық жүк тиемеу керегін ескертті. Ал басқарушы компаниялар мен қызмет көрсететін ұйымдарға лифттердің тиісті техникалық жағдайын қамтамасыз етуге: апаттың алдын алу үшін жүйелі түрде тексеріп, уақытылы техникалық қызмет көрсетуге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз