Астанада қазақ күресінен әскери қызметшілер арасында әлем чемпионаты басталып, бірінші сайыс күнінде балуандарымыз 8 медаль олжалады.
Финалдық тартыста 55 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен екі дүркін әлем чемпионы Бекжан Төлепов ирандық қарсыласы Рияхи Абулфазлмен белдесті. Тартысты күрестің нәтижесінде отандасымыз бір жартылай жеңіс және екі жамбас ұпайымен айқын басымдыққа ие болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сағындық Әшім (66 кг) өзбекстандық балуан, кураштан әлем чемпионы Артём Штурбабинмен күрескен. Негізгі уақыт тең аяқталып, қос балуан қосымша бір минуттық белдесуге шықты. Мұнда салмақ өлшеуде қарсыласынан біршама жеңіл болған Сағындық Әшім қазақ күресінің ережеге сәйкес жеңіс тойын тойлады.
Бұдан кейін 82 кг салмақта ел намысын қорғаған «Дала қырандары – 2025» титулының иегері Нұрдәулет Бақытбайұлы ресейлік самбо шебері, әлем чемпионатының жүлдегері Глеб Головпен айқасты. Бес минутқа созылған бұл күрес барысында қос балуанның ұпайлары тең түсті. Қосымша бір минуттық белдесуде отандасымыз әдіс жасауға ұмтылып, қарсыласының шеңгеліне түсіп қалды. 100 килода самбодан әлем чемпионатының жүлдегері ресейлік Владимир Досияк кураштан Азия ойындарының чемпионы өзбек балуаны Жахонгир Маматрахимовты бір жамбас әдісімен ұтты.
Әйелдер арасындағы белдесулер аса тартысты өтті. 48 кг салмақта сынға түскен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жеңімпазы Айжан Жылқыбаева қырғызстандық қарсыласы Алиман Абдрашитованы айқын жеңіп, қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. 56 килода сынға түскен екі дүркін әлем чемпионы Рауза Нұрмұхаметова да жанкүйерлерін қуантты. Ол кураштан Қырғызстан чемпионы Сабина Жаанбекованы екі минуттың ішінде таза жеңіспен ұтып, бұл атаққа үшінші мәрте ие болды.
Өкінішке қарай, Зарина Сарипова (65 кг) мен Зәмзәгүл Файзолланова (77 кг) алтынға бір қадам жетпей сүрінді. Зарина Ресейден келген Дария Кузмичевадан айласын асыра алмаса, Зәмзәгүл Файзолланова өзбекстандық балуан Шахзода Бозороваға есе жіберді.
Елорда төріндегі әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатын Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті мен Qazaq kuresi ассоциациясы бірлесіп ұйымдастырды.