Ресей президенті Аляскада Ақ үй басшысы Дональд Трамппен келіссөздерін қорытындылады – оның пікірінше, кездесу конструктивтік жағдайда өтті, деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Екі лидердің кездесуі Анкоридже қаласындағы Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында өтті. Көшбасшылардың кішігірім құрамдағы келіссөздері "үшке-үш" форматында өтіп, 2 сағат 45 минутқа созылды.

Бұдан кейін президенттер БАҚ өкілдерімен кездесті.

"Біздің келіссөздеріміз сындарлы және өзара сыйластық атмосферасында өтті, айтарлықтай тыңғылықты әрі пайдалы болды", — деді Владимир Путин.

Ол АҚШ президенті Дональд Трампқа Аляскаға шақырғаны үшін алғыс айтты.

"Ерте ме, кеш пе, жағдайды түзету, текетірестен диалогқа көшу қажет екені анық. Осы орайда екі мемлекет басшыларының жеке кездесетін уақыты келді", — деп есептейді Путин.

Сондай-ақ ол Ақ үй басшысымен болған бұған дейінгі байланыстарына баға берді. Путин Америка лидері Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенін ашық айтты.

Ресей басшысы Аляскадағы келіссөздердің негізгі тақырыбына да тоқталды. Путин Украинадағы қақтығысты аяқтауға болатынын мәлімдеді.

"Жалпы президент Трамп екеуміз өте жақсы іскерлік әрі сенімді байланыстар орнаттық. Осы жолмен жүрсек, жанжалдың аяқталуына қол жеткізуіміз мүмкін деп сенуге толық негіз бар және бұл неғұрлым тезірек болса, соғұрлым жақсы болады ", — деп есептейді Ресей Федерациясының басшысы.

Путин мәлімдегендей, Ресей Трамп әкімшілігінің Украина дағдарысын шешу тұрғысынан көмектесуге ниетті екенін көріп отыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз