Үкімет басшысы Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына арнайы келіп, Мемлекет басшысының көлік-логистика саласын одан әрі дамыту мақсатында шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын зерделеді.
Премьер-министр Қырғыз Республикасымен шекарада орналасқан «Қордай» және «Қарасу» автокөлік өткізу бекеттеріне барып, нысандардың инфрақұрылымымен, бекеттегі өзекті мәселелермен және мұндағы жұмысты ширату жөніндегі жоспарлармен танысты.
ЕАЭО елдерімен шекарада 39 автокөлік өткізу пункті бар. Аталған бекеттердің екеуінде жөндеу жұмыстары межелі мерзімде толыққанды аяқталған. Жаңғырту жұмыстары 10 пунктте, оның ішінде Қазақстан-Ресей шекарасында басталған. Өзге де өткізу пункттері жаңғыртылмақ.
«Қордай» автокөлік өткізу бекетінде жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде қозғалыс жолақтарының саны 4-тен 8-ге дейін артқан. Сондай-ақ төлқұжаттық қадағалау кабиналарының саны 20-дан 40-қа дейін жеткізілген. Нақты дерекке жүгінсек, мұндағы өткізу қабілеті 4 есеге, автокөлік бойынша 2,7 есеге өскен.
Ал «Қарасу» пункті бойынша жаңғырту жұмыстары басталды. Қолға алынған жұмыстың нәтижесінде мұнда өткізу қабілеті тәулігіне 700-ден 2 мыңнан астам көлік құралына дейін арттыруға мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар жүк ағыны мен көлік қозғалысын жақсарту жоспарланған.
Үкімет басшысы шекара нысандары трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқаратынын және халықаралық автомобиль және жолаушылар қатынасын қамтамасыз ететінін атап өтті. Оларға реконструкциялау жұмысын жүргізу Мемлекет басшысының жеке бақылауына алынған.
Олжас Бектенов жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ рәсімдеу жұмыстарын жылдамдату бойынша цифрлық технологияларды енгізуді жандандыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жайлылықты арттыру мақсатында жағдай жасау үшін бірқатар тапсырма жүктеді.
Сапар барысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрамында тауарларды сақтау, өңдеу, шоғырландыру және өткізудің негізгі орталығына айналатын индустриялық-сауда-логистикалық кешен салу жобасын жүзеге асыру туралы баяндалды. Олжас Бектенов құрылыс жұмыстарының мерзімі созылып кетуіне байланысты сын айтып, қысқа мерзімде тиісті шаралар қабылдауды және жұмыс сапасы мен қарқынын қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Жамбыл облысы