Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов "ҚазМұнайГаз" АҚ басшылығымен, ірі жанармай құю станцияларының (ЖҚС) өкілдерімен және мұнай өнімдерін жеткізушілермен кеңес өткізді, деп хабарлайды ведомствоның сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кездесу барысында еліміз бойынша АИ-95 бензинінің қоры 67 мың тоннаны құрайтыны айтылды. Бұл 16 күндік тұтыну деңгейіне сәйкес келеді. Қор жедел түрде толықтырылып отырады, оған отандық мұнай өңдеу зауыттарының күнделікті өндірісі негіз деуге болады.
2025 жылғы шілде айында тұтыну деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға өсті. Тамыз айында да сұраныстың одан әрі артуы күтіліп отыр. Осыған байланысты Энергетика министрі үкіметтің басты міндеті – қазақстандықтарды тапшылық пен бағаның тұрақсыздығынан қорғау екенін атап өтті.
"Сұраныстың маусымдық артуы – штаттық және алдын ала болжанған жағдай. Үкімет бұл процесті толық бақылауда ұстап отыр. Мен нарықтың барлық қатысушысынан отынның үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді және алыпсатарлық әрекеттерді болдырмауды талап етемін. Азаматтар үшін бензин тапшылығы болмайды. Бұл мәселе – үкіметтің тікелей бақылауында", – деді Энергетика министрі.
Кеңес қорытындысы бойынша министр мұнай базалары мен ЖҚС-тарда АИ-95 бензинінің ең төменгі қорларын қамтамасыз ету, өңірлерге үздіксіз жеткізу үшін бензин тасымалына уақтылы келісімшарттар жасау, кез келген ықтимал тәуекелдер туралы министрлікке жедел хабарлау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.
Энергетика министрлігі бензин нарығына қатысушылардың жұмысын күнделікті үйлестіруді жалғастырады. Мақсат – барлық қазақстандық үшін бензин бағасының тұрақтылығы мен болжамды қажеттіліктерді қамтамасыз ету.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз