Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2025 жылғы 13 тамызда Boston University түлегінің ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы “Болашақ” халықаралық стипендиясынан айыру туралы шешімді заңсыз деп тану жөніндегі талабын қанағаттандырмады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Іс материалдарына сәйкес, талапкер С. 2013 жылы АҚШ-та магистратурада оқу үшін “Болашақ” стипендиясын алған. Оқуын және кейінгі тағылымдамасын аяқтаған соң еңбек қызметіне кіріскен, алайда оны Қазақстан аумағынан тыс жердегі жекеменшік ұйымдарда қашықтан атқарған.

Соттың анықтауынша, С. стипендиялық келісімнің негізгі талабын орындамаған – белгіленген мерзімде Қазақстанға оралмаған және елде бес жылдық міндетті еңбек өтеуді аяқтамаған. ҰҚК Шекара қызметі оның 2023 жылдың 1 мамырында Қазақстаннан кеткенін және содан бері оралмағанын растады.

Жіберілген ескертулерге қарамастан, стипендиат келісімшарт талаптарын орындау үшін ешқандай шара қабылдамаған. Осыған байланысты Республикалық комиссия оны стипендиядан айыру және жұмсалған шығындарды өтеу жөнінде шешім қабылдады.

Сот министрліктің әрекетін заңды деп танып, бағдарлама шарттарында қашықтан еңбек өтеген уақыттың есепке алынбайтынын атап өтті.