Қазақстан 2027 жылы таэквондодан әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр
Бұл туралы Қазақстан таэквондо федерациясының президенті Құдрат Шамиев мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
14–16 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ересектер, жасөспірімдер және кадеттер арасында таэквондодан Kazakhstan Open 2025 (G-1) халықаралық рейтингілік турнирі өтеді. Жарысқа Канада, Франция, Үндістан, АҚШ, Түркия және Қытай секілді 22 елден 750-ден астам спортшы қатысады. Татамиге олимпиада чемпиондары мен әлемдік деңгейдегі жұлдыздар шығады.
Kazakhstan Open 2025 турнирі Қазақстанның әлемдік таэквондо аренасына оралуының белгісі болмақ – мұндай ауқымды жарыс елімізде соңғы рет 2017 жылы өткізілген. Биыл алғаш рет жаңа KPNP K-2 электронды жүйесі қолданылады, сондай-ақ Дүниежүзілік таэквондо федерациясының (WT) көрсетілімдік командасы өнер көрсетеді.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 15,8 миллион теңге. Бұл іс-шара Қазақстанның спорт саласындағы сенімді серіктес ретіндегі позициясын нығайтып, 2027 жылы әлем чемпионатын өткізу жолындағы маңызды қадам болмақ. Қазақстан бұл чемпионатты өткізуге келесі жылы ресми өтінім беруді жоспарлап отыр.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі спортты дамытуға ерекше мән береді. Біз, Федерация ретінде, бұл бағыттың жастар мен өскелең ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан Астанада ірі халықаралық турнирлерді өткізуді мақсат етіп отырмыз. Kazakhstan Open – жай ғана жарыс емес, бұл – еліміздің әлемдік деңгейдегі ірі спорттық оқиғаларды қабылдауға дайын екенінің белгісі. Біз Астананы әлемдік таэквондоның жаңа астанасына айналдырғымыз келеді, – деді Қазақстан таэквондо федерациясының басшысы Құдрат Шамиев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президенті Чунгвон Чоумен кездескен болатын. Президент WT басшысының сапары ел спорт қоғамдастығы үшін маңызды оқиға екенін атап өтіп, Дүниежүзілік федерацияның Қазақстанда таэквондоны дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растаған еді.