ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ән және би ансамблінің ерлер хоры Мәскеудегі Шереметьево әуежайының жолаушылары үшін күтпеген музыкалық сыйлық жасады.
Күту залында қазақстандық өнерпаздар ұлы ақын, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының танымал "Көзімнің қарасы" әнін орындады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл өнер көрсету арқылы олар ұлт ұстазының 180 жылдық мерейтойын атап өтіп, әуежай қонақтарына ұлттық нақыш пен ел мәдениетінің бай мұрасын сезінуге мүмкіндік берді.
– Бұл әннің тек концерт сахнасында ғана емес, түрлі ел өкілдері мен мәдениет тоғысатын жерде шырқалуы маңызды деп санадық. Осылайша біз Қазақстан жайлы сыр шертіп, ұлы Абайға құрмет көрсеттік, — деп бөлісті хор мүшесі Бауыржан Алтынбеков.
Шырқалған әуен тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік аялдап, әуезді әнді тыңдап, өнерпаздарды телефонға түсіріп, зор қошемет көрсетті.