« Гастроцентр » төңірегінде тағы да шу шықты. Оның құрамындағы бір нысан өкілдері экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әпкесі жұмыстарына кедергі келтіріп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Өткен жылдың ақпанында ZIMA түнгі клубы «Гастроцентрдің» тұтас бірінші қабатын сатып алған еді. Екінші қабатта өткен жылы Салтанат Нүкенова қаза тапқан мейрамхана орналасқан.

Сол оқиғадан кейін Бишімбаевтар отбасы кешенді басқарудан кеткені хабарланған. Дегенмен, әлеуметтік желілерде нысанға қатысты хейт толастамады. Жаңа иелер мен әкімшілік бірнеше рет жұрттан түсіністік танытуды сұрап, экс-министрдің орталыққа қатысы жоқ екенін айтқан.

Алайда, соңғы мәліметтер керісінше жағдайды аңғартып отыр.

Клуб әкімшілігінің айтуынша, жақында Бишімбаевтың әпкесі еш ескертусіз ішке кіріп, жарықты өшіріп тастаған. Сондай-ақ, «Гастроцентр» әкімшілігі арқылы қосымша келісім енгізіп, клубты желтоқсанда бұл ғимараттан шығару бастамасын көтерген.

«Егер бұрынғы құрылтайшылар орталықтан кеткен болса, олардың жақын туыстары әлі де ішкі істерді неге басқарып жүр? „Гастроцентр“ әкімшілігі жалға алушылар мен қоғамды шын басқарушылар құрамы жөнінде шатастырды ма?» — деп жазды клуб өкілдері әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, «Гастроцентр» аумағында бірнеше нысан бар. Салтанат Нүкенова қаза тапқанға дейін кешен Қуандық Бишімбаевтың анасына тиесілі болған. Қазір ғимараттың иесі — шетелдік азамат.