Жексенбі, 10 тамыз кешкі уақытта Түркияның солтүстік-батысында магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісі болды. Билік бір адам қаза тапқанын хабарлады, деп хабарлайды РБК-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның Түркия бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, жер сілкінісі Балыкесир провинциясында болды.
Жер асты дүмпулерінің салдарынан бір ғимарат толығымен қирап, тағы 24 ғимарат зақымданған.
Елдің Ішкі істер министрлігі төтенше жағдай салдарынан бір адам қаза тауып, кем дегенде 29 адам жараланғанын хабарлады.
Ішкі істер министрі Әли Ерлікайдың сөзінше, үйінді астынан құтқарылған 81 жастағы ер адам ауруханада көз жұмды.
"Өкінішке қарай, бір ақсақалымыз қайтыс болды", — деді Балыкесир мэрі Ахмет Ақын.
Провинцияда іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Түркия Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар басқармасы AFAD жер сілкінісі департаментінің мәліметі бойынша, құтқару жұмыстарына 300-ден астам адам жұмылдырылған.
Басылым ақпаратты жария еткен уақытта барлығы 20 жерасты дүмпуі тіркелген – магнитудасы 0-ден 3,0-ке дейінгі 15 афтершок және 4,0-тен 5,0-ке дейінгі бес жерасты дүмпуі. Жер сілкінісі Балыкесир, Измир, Маниса және Стамбұл провинцияларында айқын сезілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз