Қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы Оралда да мазмұнды шаралармен айшықталды, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, зиялы қауым өкілдері ақын рухына тағзым етті. «Абай оқулары» байқауының жүлдегерлері бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Артына өлмес мұра қалдырған, өз жырымен ұлтына рухани азық берген дана Абайдың дара тұлғасы ғасырлар өткен сайын биіктей бермек. «Ақын шығармалары – ұлттық болмыстың айнасы, жаһан жұртының асыл қазынасы». Бүгін ескерткіш басында осылай ой толғаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев зиялы қауымды айтулы күнмен құттықтады.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Бұл халқымыздың рухани дүниесінде ерекше орын алатын тарихи маңызы бар сәт деп айтуға болады. Мемлекет басшысы Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді деп айтқан болатын.

Шара барысында «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Ұлы ақынның ұлағатын ұғып, бес асыл іске ұмтылсақ, ерінбей еңбек етіп, біріңді қазақ бірің дос көріп, адамзаттың бәрін бауырым деп сүйсек, елдің келешегі жарқын, болашағы баянды», — дейді сөз алғандар.

Нұрайна Аманғалиева, «Абай оқуларының» жеңімпазы:

-«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», — дегендей, Абайдың өзі өлсе де, ғасырлар өтсе де, оның ғақлиялары, өлеңдері, қара сөздері әлі күнге жастардың, жас буынның ойына ақыл құяры сөзсіз. Жалпы Абай шығармашылығы жастарды ғылым қууға шақырады.

Дәулеткерей Құсайынов, Қадыр орталығының директоры:

- Оның ойы адамзатқа ортақ. Сондықтан да Абайды әрқашанда оқу керек, күнде атап өтіп, күнде тағзым етсе де, артық етпейді. Абай қазақ халқымен мәңгі жасай береді, қазақ халқының тарихтағы керуен көшін бастай береді.

Ескерткіш басына жиналған өңір жұртшылығы ақын рухына тағзым етіп, тас мүсінді гүлмен көмкерді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов