Бүгін, 10 тамыз қазақтың ұлы ақыны хакім Абайдың туғанына 180 жыл болады. Қазақ халқымен мойындалған данышпан-ойшылдың артқа қалдырған мұрасын насихаттау мақсатында бүгінгі күндері Абай күнін Қазақстан жылда атап өтеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Абай күнін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бекіткен болатын.

Айта кетсек Абай Құнанбаев 1845 жылы 10 тамызда Семей облысының Шыңғыстау баурайындағы Қасқабұлақ ауылында (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) дүниеге келді. Абайдың арғы тегі билер мен ақсүйектер болып табылады. Одан бөлек, қысқаша тоқталсақ, Абай туралы мынандай мәліметтерді алға тартуға болады:

  • Абайдың шын есімі – Ибраһим. "Абай" деп әжесі еркелеткен. Анасының Анасының есімі – Ұлжан. Ұлжан Құнанбайдың екінші әйелі;
  • Абай: "Атадан алтау, анадан төртеу едім", — деген. Құнанбай қажының 4 әйелі болған. Бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді. Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Төртіншісі – Нұрғаным. Одан ұрпақ жоқ;
  • Хәкімнің ақын, жазушылықтан бөлек, композиторлық қабілеті де болған. Ол бірқатар өлеңіне әнді өзі жазған. Соның бірегейі – «Көзімнің қарасы»;
  • Ақындық жолына 10 жасында түсе бастайды. Ең алғашқы алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялаған;
  • Жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізізін қалаушы ұлы Абай қазақ, араб, парсы, орыс тілдерін білген. Иран, шағатай (ескі өзбек) тілдерінде жазылған дастан-қиссаларды, ертегілерді оқыған;
  • Ел басқару ісіне 13 жасында араласқан;
  • Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжан;
  • Бірінші жары Ділдәға 1860 жылы 15 жасында, екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген. Әмеңгерлік жолмен алған әйелінің есімі – Еркежан. Ол Абайдың інісі – Оспанның қалыңдығы;
  • Ұлы ағартушының 10 баласы болған. Ол небәрі 16 жасында әке атанып, 36 жасында алғашқы немересін қолына алады. Оның аты – Әубәкір;
  • Саяси қайраткер 21 жасында болыс болып сайланады;
  • Ақынның саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен орыс зиялы қауым өкілдері: Е. Михаэлис, А. Леонтьев, С. Гросс, А. Блек, П. Лобановский, Н. Коншин, Н. Долгополов және т.б;
  • Ақын өмірінде 176 өлең, "Ескендір", "Масғұт" және "Әзім әңгімесі" поэмалары мен 45 қара сөз жазып қалдырған. Сондай-ақ ол шебер аудармашы да болған. М. Лермонтовтың өлеңдерін, А.С. Пушкиннің дастандарын және И.А. Крыловтың мысалдарын қазақ тіліне аударған.
  • Жазушының ғақлиялары (қара сөздері) әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Атап айтсақ, қытай, француз, орыс және т.б. Ал өлеңдері грузин, қарақалпақ, қырғыз, татар, француз, ағылшын, түркмен, ұйғыр тілдеріне аударылған;
  • Ұлы данышпан туралы көптеген мақала, кітаптар жазылып, фильмдер түсірілді. Биыл ақынның туғанына 175 жыл толуына орай арнайы "Abai tv" телеарнасы ашылды;
  • Абай мұрасын алғаш зерттеп бастаған ағартушы ғалымдар мен қайраткерлер: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, І. Жансүгіров және т.б.

Айта кетсек, Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай еліміз бойынша 5 000-нан астам іс-шара жоспарланған. Бекітілген кешенді жоспарға халықаралық және республикалық деңгейдегі 100-ден астам ауқымды іс-шара енген. Негізгі салтанатты іс-шаралар ақын туған өңірде – Абай облысында өтеді. Атап айтсақ, республикалық айтыс, халықаралық ақындар фестивалі, жыр мүшәйрасы, сондай-ақ спектакльдер мен концерттер ұйымдастырылады. Мәселен, Алматыда қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды бағдарлама басталды. Тамыз айы бойы қалада 120-дан астам іс-шара жоспарланған.