Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында Тасқала ауданы аумағында орналасқан шаруа қожалықтарының бірінде санкцияланған тінту жүргізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тінту нәтижесінде тіркелмеген "Стечкин" автоматты тапанша мен оның оқжатары, "Сайга-410К" үлгісіндегі өздігінен атылатын тегіс ұңғылы карабин, екі тіркелген тегіс ұңғылы мылтық, әртүрлі калибрдегі 114 дана оқ-дәрі, сондай-ақ төрт дана киік мүйізі анықталып, тәркіленді.
Заңсыз сақталған барлық қару-жарақ пен жануар тектес өнімдердің 53 жастағы шаруа қожалығының басшысына тиесілі екені белгілі болды. Күдікті ұсталып, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.