Оқушылар 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Қазақстан құрамасы мектеп оқушыларына арналған Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында (IOAI 2025) ең үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Бұл дода оқушылардың жасанды интеллект мен техникалық білім саласындағы дайындық деңгейін көрсетті.

Олимпиада 2-9 тамыз аралығында Бейжіңде өтіп, 61 елден келген 77 команданы жинады. Қазақстан атынан оған екі команда қатысып, құрама үздіктер қатарынан танылды. Осылайша, алтын медаль иегерлері – Қасымқан Жәнібек, Әбу Қанабек және Сұлтанби Исатай атанса, күміс медальді Аушахман Тәлім жеңіп алды, ал қола медаль Тимур Шакуов, Дәужан Бекетов пен Сұлтанбек Сарыға бұйырды. Сондай-ақ, IOAI ұйымдастыру комитетінің мақтау қағазымен Батыр Ерденов марапатталды.

Алтын медаль саны бойынша бейресми есепте Қазақстан 3 алтынмен Польша, Үндістан және Вьетнаммен екінші орынды бөлісті. Бірінші орынды Ресей командасы (6 алтын медаль) иеленді. Сонымен қатар үздік ондыққа Сингапур (2 алтын), Румыния, Жапония, Швеция және Гонконг-Қытай (әрқайсысы 1 алтын) кірді.

IOAI – бұл ғылыми және практикалық бөлімдерді біріктіретін беделді халықаралық жарыс. Онда қатысушылар жеке және командалық түрде бейне мен сурет генерациясы, машиналық оқыту, табиғи тілді өңдеу, компьютерлік көру және басқа да бағыттардағы жасанды интеллектке негізделген шешімдерді әзірлеу бойынша тапсырмаларды орындайды.

Байқау бағдарламасынан бөлек, олимпиада аясында әлемнің жетекші сарапшыларының дәрістері, этикалық пікірталастар, мәдени және білім беру іс-шаралары ұйымдастырылады. Жарыстың мақсаты – жастар арасында жасанды интеллектті насихаттау.

Қазақстан құрамасының бұл жетістігі IT-білім берудің жоғары деңгейін және оқушылардың озық технологияларға деген қызығушылығын дәлелдейді.


Оқи отырыңыз:

  • Тоғызқұмалақтан жасанды интеллект пен чемпиондар арасында ойын өтті. Кім мықты
  • ChatGPT орнына – Oylan, MangiSoz, Beynele және TilSync: Қазақстандық жаңа 4 жаңа жасанды интеллектке шолу