Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар үшін цифрлық азық-түлік ваучерлерін ұсынуға бағытталған пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті ваучерді қалай алуға болатынына қатысты ақпарат ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Пилоттық жоба алдымен қай қалада іске қосылады
Бұл бастама әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) төмендетілген бағамен сатып алу мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған.
Жобаның негізінде бағаларды тұрақтандыруға арналған қолданыстағы тетік "айналым схемасы" жатыр. Осы механизм шеңберінде сауда желілеріне айналым қаражатын толықтыру үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген қайтарымды несиелер беріледі. Өз кезегінде, аталған сауда орындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті АӘК алушыларға нарықтық бағадан 15 пайызға төмен бағада ұсынуға міндеттеледі.
Пилоттық жоба алғаш болып Ақмола облысының Ақкөл қаласында іске қосылады. Келесі кезеңде бұл бастама Көкшетау және Павлодар қалаларында жалғасын табады.
Ваучерлерді қайдан алуға болады
Цифрлық ваучерлер "eGov Mobile" мобильді қосымшасына енгізілген "Әлеуметтік әмиян" сервисі арқылы беріледі.
АӘК алушы ваучерді іске қосу арқылы дүкен кассасында QR-кодты ұсынады, артынша жүйе жеңілдікті автоматты түрде қолданады.
Ваучер мөлшері қандай
Ваучердің мөлшері отбасы құрамына байланысты жеке есептеледі: әр адамға бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қаржы қарастырылады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 932 теңге.
Мәселен, 4 адамнан тұратын отбасы 16 мың теңгеге жуық сомада ваучер алады. Бұл оларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті нарықтық бағадан 15 пайызға дейін төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Жоба қай қаражат есебінен қаржыландырылады
Жоба тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады. Қордың 35 пайызы кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелеуге, 65 пайызы отандық өндірушілер мен фермерлерден өнімді форвардтық сатып алуға бағытталады. Бұл тетік әлеуметтік маңызы бар өнімдермен дүкендерді тұрақты қамтамасыз етуге, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға және тиімді әлеуметтік көмек жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін жоба еліміздің өзге де өңірлерінде кең ауқымда жүзеге асырылады. Бұл бастама 245 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушыны қамтып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған атаулы, әділ және ашық қолдау тетігін ұсынбақ.
Айта кетсек, атаулы әлеуметтік көмек алатын 5 мың адамға азық-түлікті ваучер арқылы қолжетімді бағаға берілетінін үкіметте есеп берген сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеген еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз