8 тамызда желтоқсан айына арналған алтын фьючерстерінің құны рекордтық деңгейге жетіп, алғаш рет 22 сәуірден бері бір троя унциясы үшін 3,5 мың АҚШ долларынан асты.
Бұл туралы Нью-Йорк тауар биржасының құрамына кіретін Comex биржасындағы сауда деректері куәлік етеді.
Сауда барысында бағалы металдың бағасы ең жоғары шегінде 1 унция үшін 3534,1 доллар деңгейіне дейін көтерілді. Кейіннен баға 3492,1 долларға дейін төмендеді, бұл бастапқы ашылу деңгейінен 1,4%-ға жоғары көрсеткіш болып отыр.
Алдыңғы күрт қымбаттау шілде айының ортасында тіркелген болатын — сол кезде алтынның құны 3400 доллардан асып, АҚШ долларының әлсіреуіне байланысты инвесторлар америкалық валютаны белсенді түрде сата бастаған еді. Алайда 24 шілдеде алтын 0,66%-ға арзандап, 3376 доллар болды.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі уақытта алтынға деген қызығушылықтың артуы — валюта нарықтарының тұрақсыздығы мен жаһандық экономикалық тәуекелдердің күшеюімен байланысты.
Бұған дейін Қазақстанда ерекше жағдай байқалған болатын: әлемде алтын бағасы өсіп жатқанда, халықтың оған деген сұранысы күрт төмендеген. Бір жыл ішінде халыққа сатылған алтын құймаларының көлемі 10 есе азайған.