Бас бапкердің айтуынша жеңілістің басты себебі — футболшылар жоспардың тек 50% ғана орындаған.
"Астана" клубының бас бапкері Григорий Бабаян Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі "Лозаннамен" өткен матчқа (1:3) қатысты пікір білдірді.
– Алғашқы 15-20 минут қорғаныста жақсы ойнадық, ешқандай мәселе болған жоқ деп ойлаймын. Бірақ, қателікпен көрсетілген қызыл қағаз және төрешінің шешім қабылдау сәтінде біз концентрацияны жоғалтып алдық. Нәтижесінде гол жіберіп алдық. Ондай допты жіберуге болмайтын еді. Алайда доп қақпаға кіріп кетті.
Екінші голды өзіміз соғып бергендей болдық. Оңай жерде доптан айырылып, қарсыластың шабуылшысын қақпашымен бетпе-бет шығардық. Мұндай қателікке жол беруге болмайды. Есеп 0:0 болғанда бізде мүмкіндіктер болды. Эбонг, Аманович те жақсы соққы жасады.
Менің ойымша, екінші таймда біз қарсыластан жақсырақ ойнадық. Ойынды бақылап, көп мүмкіндіктер жасадық. Бірде доп штангадан қайтты. Бірақ, тағы да өзімізге өзіміз гол соғып алдық. Үш қорғаушы бір шабуылшыға қарсы тұра алмай, доп қақпаға кіріп кетті.
Сонда да өз ойынымызды жалғастырып, берілмей ойнадық. Соңында мінез көрсетіп, гол соқтық. Бұл біз үшін маңызды. Бірақ Конференциялар лигасында ойнап, мұндай қателіктер жіберсең, оң нәтиже күту қиын.
– Соққан гол командаға қандай да бір өзгеріс әкелді ме? Мүмкін, көңіл күй жағынан?
– Әрине, бұл үлкен айырмашылық. Аз болса да, есе қайтаруға мүмкіндік бар. Астанада бір нәрсе жасауға тырысамыз. Бірақ, қазір терең талдау қажет. Себебі біз жоспарлаған және талқылаған сәттердің тек 50 пайызын ғана орындадық. Мұндай ойындарда бұл жеткіліксіз. Біз қарсыластың күшін, ойыншыларын, схемасын білдік. Бірақ шабуылдың соңғы кезеңінде агрессивті ойнауымыз керек еді. Соңында соққан голымыз бізге аз да болса көңіл күй сыйлады. Бірақ жалпы алғанда, 3:1 — қонақтар үшін жақсы басымдық.
Айта кетейік, қарымта матч 14 тамыз Астанада өтеді. Жұптың жеңімпазы Конференция лигасының плей-офф кезеңіне өтеді. Онда олар Сент-Патрик Атлетик (Ирландия) мен Бешикташ (Түркия) арасындағы кездесудің жеңімпазымен сынға түседі.