Осы жексенбі – 10 тамызда Алматыда әлемдік деңгейдегі поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концерті өтеді. Тұрғындарға кей жолдар жабылатыны ескертіліп жатыр, деп хабарлайды полицияға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Полицияның мәліметінше, көшелердегі қозғалысқа шектеу сағат 16:00-ден бастап енгізіледі.

Автокөліктер үшін келесі үш аумақ жабылады:

  • Байтұрсынов көшесі – Шевченко көшесінен Тимирязев көшесіне дейін;
  • Сәтбаев көшесі – Сейфуллин даңғылынан Байзақов көшесіне дейін;
  • Абай даңғылы – Сейфуллин даңғылынан Мұқанов көшесіне дейін.

Күні кеше әкімдік өкілдері концертке қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 3 мыңға жуық полиция қызметкері, әскери қызметкерлер, жеке күзет органдарының қызметкерлері мен еріктілер тартылатынын хабарлады.

Стадион аумағы әрқайсысы 2-3 мың адамға арналған төрт негізгі фан-аймаққа бөлінеді. Ал стадион периметрі бойынша 100-ге жуық қосымша биодәретхана орнатылады.

Сонымен қатар ауданда жедел жәрдем және өрт сөндіру көліктері кезекшілікте болады.

Сондай-ақ әкімдік қонақтарға ыңғайлы болу үшін Абай, Сәтбаев және Байтұрсынов көшелерінің бойымен арнайы бағыттар бойынша 50 автобус қатынайтынын айтып сендірді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз