Шымкент маңында автокөлік тепловозбен соқтығысып, салдарынан пойыздардың жүру кестесі өзгерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы Қызылсай-Шымкент өткелінде болған. Ол пойыздардың жүру кестесіне әсер еткен.

"8 тамызда сағат 04:30-да Қызылсай-Шымкент аралығының күзетілетін теміржол өткелінде HOWO автокөлігі маневрлік тепловозбен соқтығысты.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі жақындап келе жатқан жылжымалы құрам алдында өткелге шығып, жол ережесін бұзған.

Қаза тапқандар жоқ, жүргізуші ауруханаға жеткізілді", — делінген хабарламада.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғасы қозғалыс кестесіне әсер етті: үш жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылды. 07:18-де учаскедегі қозғалыс толықтай қалпына келтірілді.

"ҚТЖ" ұлттық компаниясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және теміржол өткелдерін кесіп өту кезінде аса сақ болуға шақырады. Ережелерді бұзу тек материалдық зиян келтіріп қана қоймай, өмір мен денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз