Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері Ақтөбе қаласының тұрғынына қатысты жасалған алаяқтық қылмысты әшкереледі, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгісіз тұлғалар Қостанайдан Ақтөбеге автокөліктерді жеткізу бойынша логистикалық қызмет көрсетеміз деген сылтаумен әрекет етіп, үш жаңа премиум санаттағы автокөлікті заңсыз иемденген.

Келтірілген шығынның жалпы көлемі 50 миллион теңгеден асты. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде төрт күдікті ұсталды. Олардың барлығы Ақтөбе облысының тұрғындары. Екеуі бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тінту барысында айғақ заттар тәркіленді. Ұрланған автокөліктер заңды иесіне қайтарылды.

Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін кез келген қатерге жедел ден қояды.