2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімі 5 желтоқсанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді, деп хабарлайды 1bol.kz

Бұған дейін жеребені өткізуге Канада мен Мексика өтініш берген, алайда олардың ұсыныстары қабылданбады. Кейінірек турнир ұйымдастырушылары жеребе тарту рәсімін өткізу орны ретінде АҚШ-тың Лас-Вегас қаласын таңдады.

Жеребе тарту рәсімі 2023 жылы пайдалануға берілген Sphere ойын-сауық кешенінде өтеді. 18 600 адамға арналған бұл кешен алып экранмен жабдықталған. Аумағы – 54 мың шаршы метр. Аренада түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, былтыр қыркүйек айында UFC 306 турнирі өткен болатын.

Айта кетейік, мундиаль 2026 жылғы 15 маусым мен 13 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Келесі жылғы доп додасы – тарихта 48 құрама қатысатын алғашқы әлем чемпионаты болмақ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз