Алматыдағы "Жібек Жолы" авторыногы жақын арада заманауи сауда форматына толық көшіріледі. Ал оның аумағында заңсыз тұрғызылған құрылыстар бұзылады. Бұл металл конструкциялардан жасалған сауда павильондары тиісті рұқсаттарсыз және қала құрылысы талаптарын бұза отырып салынған.

"Жібек Жолы" базарының қалай өзгеретіні туралы мемлекеттік органдар мен базар әкімшілігі айтып берді.

"Жібек Жолы" базары – автокөлік бөлшектері мен қызмет көрсетуге бағытталған мамандандырылған сауда орны. Мұнда шамамен 2 000 сауда нүктесі жұмыс істейді. Базар аумағында шанақ бөлшектері мен тұтас шанақтар, қозғалтқыштар сататын кәсіпорындар, автосервистер, май ауыстыру бекеттері және басқа да қызметтер орналасқан.

"Барлық базар бұзылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Нақтысын айтқанда, тек заңсыз салынған нысандар бұзылады. Қазірдің өзінде кәсіпкерлермен бірлесе отырып оларды заңдастыру шараларын қолға алдық. Ең бастысы – ешкім жұмыссыз қалмауы керек. Біз жаңа үлгідегі СТО жобасын жасап жатырмыз, заманауи құрал-жабдықтармен, барлық жағдаймен жабдықталған нысан салынбақ. Қазір тиісті органдарға жүгініп жатырмыз. Барлығын өзгертуге шамамен бір жыл қажет", — деді "Жібек Жолы" базарының директоры Азамат Құлмаханбет.

Директордың айтуынша, бұл мерзім ішінде базарға жаңа жабдықтар орнатылып, өрт қауіпсіздігі жүйесі күшейтіледі, сумен жабдықтау, санитарлық тораптар, көтеру құрылғылары сияқты инфрақұрылым элементтері енгізіледі. Сауданы заңнамаға сай жүргізу үшін барлық жағдай жасалады. Базардың эскиздік жобасы дайын. Қазіргі таңда базар аумағының 80 пайызы жабық павильондардан тұрады, олардың әрқайсысы өрт дабылы жүйесімен жабдықталған.

Сауда контейнерлері бұзылатын кәсіпкерлер өз кәсібін заңдастырғысы келетінін айтады. Олардың бірі – 10 жылдан астам уақыт осы базарда жұмыс істеп келе жатқан автоэлектрик әрі кәсіпкер Серікхан Ермахан:

"Жұмыссыз қаламыз ба деп уайымдадық. Алайда бүгінгі кездесуден кейін айтылған жоспарларға сенім пайда болды. Ең бастысы – әділет пен қолдау бар екені көрініп тұр. Біз де заңды жұмыс істегіміз келеді", — дейді кәсіпкер.

Бұзылатын нысандар – тек 30 өз бетінше салынған құрылыс. Бұл базардың жалпы жұмысына әсер етпейді. Заң аясында салынған сауда орындары бұрынғыдай жұмысын жалғастыра береді.

"2023 жылғы мамыр айында жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде жалпы ауданы 5 500 шаршы метр болатын шамамен 30 заңсыз құрылыс анықталды. Тексеру нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы әкімшілік шаралар қабылданды. Алайда "Жібек Жолы" халықаралық сауда орталығының иесі талаптарды орындамады. Осыған байланысты Алматы әкімшілік сотына бұл нысандарды бұзу туралы талап жолданды. Сот 2023 жылғы желтоқсанда бұл талапты қанағаттандырды. 2024 жылғы сәуірде сот құрылысшының апелляциясын күшінде қалдырды. Осылайша, сот шешімі заңды күшіне енді. 30 заңсыз құрылыс нысанын бұзуға қатысты атқарушылық парақ Әділет департаментіне берілді", — деді Алатау және Бостандық аудандары бойынша қала құрылысы бақылау бөлімінің басшысы Әлібек Төлбасиев.

Билік өкілдері кез келген құрылыс жұмысы барлық талаптар мен нормаларды сақтай отырып жүргізілуге тиіс екенін атап өтті. Өз бетінше заңсыз құрылыс жүргізу – қауіп төндіреді және кейін заңдастыруға жатпайды.