2025 жылғы 7 тамызда Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінген Көлік вице-министріне қатысты кім жауапты болатынын айтып өтті, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Ол үкiм заңды күшiне енген сәттен бастап мемлекеттiк органның қарамағындағы қызметкерi сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін сотталған болса, оның басшысы қызметінен кетуге міндетті екенін атап өтті.

"Асығыс қорытынды жасауға болмайды, ешкімді алдын ала кінәлі деуге болмайды. Сот шешімі шыққаннан кейін ғана адам сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп есептеледі. Ал сот шешіміне дейін олар — күдікті тұлғалар. Кез келген вице-министр тиісті министрдің ұсынуымен тағайындалады. Министр ұсынады, одан кейін олар заң бойынша арнайы тексеруден өтеді — ҰҚК мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік арқылы. Содан соң олар Президент әкімшілігінде, біздің қызметтерде, Үкімет кеңсесінде келісуден өтеді. Одан кейін ғана тағайындау Үкімет қаулысымен рәсімделеді", – деп түсіндірді Бозымбаев.

Бұған дейін Сатжан Аблалиевтің Көлік вице-министрі қызметінен босатылғаны белгілі болды.

Айта кетейік, 2 тамызда Қазнетте Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. 4 тамыз күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі көлік вице-министрінің пара алу күдігімен ұсталғанын және сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлімдеді. Алайда, аталған қызмет агенттің есімін нақты атамады, бірақ тінту жүргізілген сәттердің видеосын жариялады.