"Ахмат" танымал ресейлік маманмен үш жылға келісімшарт жасады.
Станислав Саламұлы бұған дейін де Грозный клубын жаттықтырған. 2012/13 маусымында Черчесовтің жетекшілігімен команда Ресей Премьер-Лигасында 8-орын алған болатын. Ол кезде бұл клуб тарихындағы ең үздік нәтиже еді.
Қазақстандағы қысқа мерзімді жұмысы, сөзсіз, Черчесов үшін үлкен сәтсіздік болды. Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы өте қиын топқа түскеніне қарамастан, жанкүйерлер командадан жақсы нәтиже күтті. Алайда ресейлік маман бұл үмітті ақтай алмады.
Черчесов Ресей чемпионатына оралуға ұзақ уақыттан бері ұмтылып жүрген болатын. "Ференцвароштан" кеткен соң, ол РПЛ-дің Мәскеуде өтетін ойындарына жиі қатысып, оның есімі Ресейдің үздік клубтарына бас бапкерлікке үміткер ретінде атала бастады.
Тіпті Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тұрған кезінде де РПЛ ойындарына барып жүргені көпшілікті таңғалдырды. Алайда Ресей чемпионатының үздік алты клубының ешқайсысынан шақырту болмады.
Жұмыссыз отыруды қаламаған, амбициясы жоғары бапкер ретінде Черчесов мансабын жалғастыру үшін ең қолайлы сәтті күтпей-ақ, "Ахматтың" ұсынысын қабылдады.