Ақтау маңында орын алған ұшақ апатына қатысты түпкілікті қорытынды бірнеше ай ішінде дайын болады.
Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Көлік министрлігі бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Халықаралық сарапшылармен бірлескен жұмыстар барысында отандық мамандар жаңа дағдыларды меңгерді. Әртүрлі елден келген мамандар да тергеу процесіне қатысуда. Ұшақ қалдығының бір бөлігі шетелде сараптамадан өтіп жатыр, жақын арада елге жеткізіледі. Қазіргі уақытта талдау кезеңі аяқталуға жақын, енді қорытынды есепті әзірлеу жұмысы жүріп жатыр, – деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, есеп биылғы жылдың соңына дейін дайын болады.
– Қазір негізгі мәселе – ұшақтың нақты қалай зақымданғанын анықтау. Бұл тақырыпты саясиландырғымыз келмейді. Бұл сұраққа құқық қорғау органдарының сараптамасы жауап береді. Менің білуімше, олар фюзеляждан табылған зақымдаушы элементтерге байланысты өзге елдерге ресми сұрау салған. Сондықтан шындық жыл соңына дейін белгілі болады деп сенеміз. Барлық талаптар мен рәсімдер үтір-нүктесіне дейін сақталады, – деп атап өтті Бозымбаев.
Еске салайық, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Қайғылы оқиға салдарынан 38 жолаушы көз жұмып, 29 адам аман қалды.
Апаттан кейін Бразилияның Әскери-әуе күштеріне қарасты Cenipa орталығы AZAL әуе компаниясының қара жәшігін зерттеуге кіріскен болатын.