Бүгін , 7 тамыз Чэндуда Дүниежүзілік ойындар басталды.
7–17 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында өтетін Дүниежүзілік ойындар–2025 жарысына Қазақстан құрамасы да қатысады.
Олимпиадалық емес спорт түрлерінен өтетін бұл халықаралық додада еліміздің намысын 9 спорт түрінен 33 спортшы қорғайды. Атап айтқанда, джиу-джитсу, каратэ, самбо, спорттық өрмелеу, муай-тай, жауынгерлік өнер, көркем гимнастика, спорттық бағдарлау және нысана көздеу бойынша қазақстандықтар медальға таласады.
Турнирге әлемнің 118 елінен 5000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасында 34 спорт түрі мен 60-тан астам жарыс санаты бар. Жалпы саны 253 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, күні кеше ойындар қарсаңында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Есет Байтасов спортшылар қалашығында ұлттық құрамамен кездесті.
Әлімжан Ақаев спортшыларға қолдау білдіріп, сәттілік тіледі. Кездесу барысында спортшылардың дайындық деңгейі мен тұрмыс жағдайына қатысты ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.
Дүниежүзілік ойындар — спортшылар үшін халықаралық деңгейде өз шеберлігін көрсетуге берілетін үлкен мүмкіндік.