Шығыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
ШҚО Жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, 7 айдың ішінде мемлекетке 64,2 мың гектар жер қайтарылған. Бұл жерлердің көбінде жалдау мерзімі аяқталған және иелері жерден өз еркімен бас тартқан.
— 2022-2024 жылдар аралығында жалпы көлемі 343 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Оның 70 мың гектары қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Жерлердің бір бөлігі халыққа, ал бір бөлігі агроқұрылымдарға конкурс арқылы берілді. Осы жылдың бірінші жартысында өңір бойынша кәсіпкерлік мақсатта жер сату бойынша 39 аукцион өткізілді, — делінген ақпаратта.
Соның нәтижесінде, жалпы ауданы 31 гектарды құрайтын 53 жер учаскесі сатылып, бюджетке 45,5 млн теңге түсті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы 13,9 мың гектар жер 16 конкурс арқылы 101 жер пайдаланушыға берілді.
— Облыстық жер комиссиясы 4 отырыс өткізіп, 16 материал қаралды. Соның ішінде 15-і бойынша жер пайдалану құқығын беру мақұлданып, 1 өтініш жердің бос болмауына байланысты қанағаттандырылмады. Жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, — делінген хабарламада.