Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазба жариялаған.
Шымкент әкімі орынбасарының сөзінше, 5 оқ жарақатынан соң әлі оңалтудан өтіп жатыр әрі сот отырыстарына жеке қатысуына мүмкіндігі жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Десе де, сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырғанын жеткізді.
– Сотта жауапкер Жиембай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл – тек ғана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ, – деп бастады сөзін жәбірленуші.
Руслан Берденов сотталушы Ернар Жиембайдың және өкілдерінің өз қорғаушыларымен байланыс орнатуға тырысқанын, тіпті "достасуды" ұсынғанын айтып өтті.
– "Кешірім берілсе, шу көтермейміз" деді, "ал бас тартқан жағдайда "ақпараттық жарылыс" жасаймыз" деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі "өзін-өзі өртейді" деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім, – деп қоса кетті Руслан Берденов.
Шымкент әкімінің орынбасары бастапқы ұстанымын еш өзгерпеген. Ол арадағы қақтығыстың түп-төркіні – кәсіби, қызметтік сипатта екенін шегелеп айтып отыр. Ал қоғам назарын басқа жайтқа бұруды "нағыз манипуляция" деп есептейді.
– Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді жалған себептерге бұру – манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын.
Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын.
Менің ұстанымым өзгермейді. Депутаттық өкілет мерзімі аяқталған соң да, мемлекетке адал қызмет ету жолынан тайған жоқпын. Соңғы үш жылымды осы жолға арнадым. Қала әкімінің шақыруымен әкімдікке келіп, ашық, адал жұмыс істеуге, халыққа шынайы көмек көрсетуге күш салдым, – деп сөзін қорытындылады Берденов.
Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында айыпталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласының әкіміне, Руслан Берденовке және өзінің келіншегіне қатысты резонансқа толы мәлімдемелер жасаған еді.