Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық автокөлік өткізу пункттеріндегі жұмыстың баяу жүріп жатқанын тілге тиек етті.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, биыл Қытай, Өзбекстан және Түрікменстан бағытындағы 9 өткізу пунктін жаңғырту жоспарланған. Қазір 4 пункттегі (Қапланбек, Атамекен, Қалжат, Алакөл) жұмыстар аяқталды, қалған 5-еуі жыл соңына дейін бітуі тиіс. «Жібек жолы» пункті 2026 жылдың алғашқы жартысында ғана аяқталады.

Бектенов кеден қызметі мен салалық министрліктерді жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктер үшін сынға алды және жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сондай-ақ кеден қызметкерлеріне қойылатын талаптарды күшейту, өткізу пункттерін жабдықтау және интернетпен қамтамасыз ету міндеттелді.

Министрліктер Премьер-министрге апта сайын есеп беріп отыратын болды.