Марқұмның туыстары оның өліміне себепкер болғандар жазадан құтылып кете ме деп алаңдаулы .
Қарағандыға ұлының оқу ақысы мен пәтерақысын төлеу үшін келген 40 жастағы Нұргелді Наукенов соққыға жығылып, кейін қайтыс болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға 1 миллион теңгедей қаржы жинап қалаға келген Нұргелдінің танысының үйіне жайғасып, кешқұрым автовокзал маңындағы дәмханаға барғанынан кейін басталған. Жақындарының айтуынша, сол жерде бейтаныс адамдармен бірге отырып, жанжал туындаған.
– Оң жақ аяғынан шалып, бар күшімен итеріп жібереді. Нұргелді қара құлап, есінен танып қалады. Содан кейін оны полиция қызметкерлері мен сол жердегі адамдар сүйреп, автовокзалдың екінші жағына алып кеткен, – дейді марқұмның әпкесі Айгүл Наукенова.
Оның сөзінше, ессіз жатқан Нұргелдіні таксиге отырғызып, жалдаған пәтерінің алдына тастап кеткен. Сол жерден ол орнынан тұрып, үй іздеп жүргенде көршілердің шағымы бойынша полиция шақырылып, ер адам полиция бөлімшесіне жеткізілген.
– Ол адам жарақат алған, өз-өзіне келе алмай тұрған. Соған қарамастан, тәртіп сақшылары оны үш сағат бойы бөлімшеде ұстап, медициналық көмек көрсетпеген. Кейін 16 жастағы ұлын шақырып, соның қолына ұстатып жібереді. Әкесі баласын танымай тұрса да, – дейді әпкесі.
Баласы әкесіне қаладағы қонақүйлердің бірінен бөлме алып берген. Ауыр хәлдегі Нұргелді сол қонақүйде көз жұмған. Туыстарының айтуынша, қаза болған сәтке қатысты фото және видео айғақтар бар.
Қазіргі таңда полиция бұл оқиға бойынша алты күдіктінің біреуін ұстаған. Ал марқұмның туыстары Нұргелдінің өлімін қасақана ұйымдастырылған деп санайды. Сонымен қатар, жарақат алған адамға дер кезінде көмек көрсетпеген полицейлердің де жауапқа тартылуын талап етіп отыр.