Республикалық «Joryq» ат спорты федерациясының Қамқоршылар кеңесінің жаңа төрағасы болып ұлттық спорттың жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы сайланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ералы Лұқпанұлы федерация құрылған күнінен бастап «Ұлы дала жорығы» жобасына тұрақты қолдау көрсетіп, оның даму бағыттарына белсенді атсалысып келеді. Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Қостанай жылқысының тұқым ретінде қайта танылуына ықпал еткен тұлға.
«Joryq» федерациясы қысқа мерзім ішінде халықтың кең қолдауына ие болып, ұлттық спорт саласындағы ірі жобалардың біріне айналды. Соның айқын дәлелі — бүгінде брендке айналған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін жыл сайын тұрақты өткізіп келеді.
Төрт жылдың ішінде «Ұлы дала жорығы» бес мәрте ұйымдастырылып, оған 92 команда, 460 шабандоз және 650-ге жуық жылқы қатысты. Осы кезеңде қатысушылар 4 000 шақырымнан астам қашықтықты еңсерді.
Бұл бірегей жоба бүгінде халықаралық деңгейге шығып, әлемдік ат спорты қауымдастықтарының назарын өзіне аударды. Соңғы екі жыл ішінде өткен бәйгелерге Түркия, Мажарстан, Оңтүстік Африка, Қырғызстан, Ресей, Иран және басқа да елдерден келген жүздеген шабандоздар қатысып, «Ұлы дала жорығы» шын мәнінде әлемдік дода сипатына ие болды.
Жобаның басты жетістіктерінің бірі — ұмыт бола бастаған қазақтың байырғы жылқы тұқымдары: Адай, Қостанай, Жетісу арғымағы, Алатау арғымағы, Найман торы, Әулие ата секілді асыл тұқымды жылқылар қайта жаңғырып, халық назарына қайта оралды.
Федерация алдағы уақытта үш негізгі стратегиялық мақсатты көздеп отыр:
1. Федерация Араб елдері, АҚШ және Еуропа мемлекеттеріндегі ат спорты федерацияларымен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған әріптестік байланыстарды дамытады.
2. Ата-бабалардан мирас болып жеткен ұзақ қашықтыққа ат баптау дәстүрін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу.
3. Қазақстанды халықаралық ат спорты орталығына айналдыру.
Осы міндеттерді табысты жүзеге асыруда Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың ел басқару ісіндегі мол тәжірибесі, ұлттық мұраға деген терең құрметі мен көреген басшылығы шешуші рөл атқарады. Оның жетекшілігімен федерация қызметі жаңа деңгейге көтеріліп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен дәстүрлі мәдени құндылықтарды жаңғырту бағытындағы жұмыс нақты нәтижелермен жалғасатыны сөзсіз.
«Ұлы дала жорығы» — тұлпар тұқымын іріктейтін табиғи сынақ қана емес, әлемдегі ең төзімді жылқы тұқымын анықтайтын далалық зертхана.