"Богатырь Көмір" кенішінде биіктен құлаған электрослесарьдің жағдайы өте ауыр. Кәсіпорын зардап шеккен жұмысшыға қажетті көмекті толықтай көрсетеді, деп хабарлайды Zakon.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқасқа мидың көгеруі мен ашық ми жарақаты деген диагноз қойылды. Дәрігерлер ми ішіндегі гематомаларды жедел түрде алып тастады. Зардап шеккен адамның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
Науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, гемодинамика тұрақсыз, вазопрессорлық қолдау жүргізіледі.
Бұл ретте жазатайым оқиға болған "Богатырь Көмір" ЖШС жағдайға қатысты түсінік берді.
"2 тамызда сағат 15:20-да кәсіпорын аумағында жұмыстарды орындау кезінде 1993 жылы туған қызметкер биіктіктен құлады. Орын алған факт бойынша болған оқиғаның себептері мен мән-жайларын тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды", — деп хабарлады кәсіпорын.
Жазатайым оқиғаның себептері мемлекеттік уәкілетті органның басшылығымен тергеу нәтижелері бойынша анықталатын болады. Кәсіпорын тергеу нәтижелеріне және болған жағдайдың себептерін анықтауға қарамастан зардап шеккен адамға және оның отбасына барлық қажетті көмекті көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда кен орнында биіктен құлаған жұмысшы жарақат алғанын, ол ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған едік.