Әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалында рейтингте 28-орында тұрған Марта Костюкты жеңді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ойын есеп 6:1, 2:1 болып Еленаның пайдасына шешіліп тұрған сәтте, украиналық теннисші оң қолының білегінен алған жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты. Осылайша, Рыбакина биылғы маусымда екінші, ал мансабында оныншы рет WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты.
Сонымен қатар, қазақстандық теннисші Монреальдегі турнирдің жартылай финалына екі жыл қатарынан шыққан ең жас спортшы атанды (2023 және 2025 жылдары). Мұндай жетістікке бұған дейін Каролин Возняцки (2010–2012 жылдары) ғана жеткен болатын.
Жартылай финалда Рыбакина канадалық Виктория Мбокомен кездеседі.