Қанат Бозымбаев "Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны" (ЭКСЖ) жүзеге асыруға арналған Жобалық кеңсенің отырысын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жиында заң шығару жұмыстары, жобаны қаржыландыру, сатып алулар тәртібі, отандық өндірушілерді қолдау және цифрландыру мәселелері бойынша есептер тыңдалды, делінген Үкімет баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ұлттық жобаны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы 17 шілдеде тиісті заңға қол қойып, ол 29 шілдеден бастап күшіне енген болатын.

Бүгінде Жобалық кеңсе 669 лицензиясы бар EPC-мердігерлерді, 220 отандық өндірушіні және ЭКСЖ аясында қажет болатын 2,7 мың тауар позициясын сараптап шықты.

Бүгінде Ұлттық жоба аясында тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуға, «кілтімен тапсыруға дайын» құрылыс келісімшарттарын жасауға, жобаларды іріктеу мен мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін электрондық сатып алу платформасы әзірленуде. Жоба тетіктерін түсіндіру үшін «1465» нөмірі бойынша байланыс орталығы іске қосылды.

ЭКСЖ аясында пилоттық жоба ретінде 35 табиғи монополия субъектісі (ТМС) бекітілді. Тағы 22 жоба қаралу сатысында. Жыл соңына дейін 8,5 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу және 42 мыңнан астам жабдықты ауыстыру жоспарланған. 2026 жылға қарай 6 ТМС тозудың "қызыл" деңгейінен "орташа" деңгейіне көшіп, тозу көрсеткіші 40%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Сонымен қатар жобаға халықаралық қаржы институттарын тарту жұмыстары жалғасуда.

Қанат Бозымбаев 2026 жылға арналған жобаларды жоспарлау кезінде жергілікті атқарушы органдар ЭКСЖ шеңберінде көзделген нарықтық тетіктерді пайдаланбай, әлі де бюджет қаржысына арқа сүйеп отырғанын атап өтті.

"Тиісті инфрақұрылымды жаңғырту енді ЭКСЖ сүзгісінен өтіп, жобаларды нарықтық тетіктер арқылы іске асыру мүмкіндігін бағалау арқылы жүзеге асырылатынын мемлекеттік органдарға түсіну маңызды. Бюджет қаражаты тек балама болмаған жағдайда ғана қолданылады. Бұл – Үкіметтің нақты ұстанымы", — деді вице-премьер.

ЭКСЖ тетігі арқылы жобаларды биыл қазан айында толық іске қосу үшін Қанат Бозымбаев Жобалық кеңсеге бірқатар тапсырма жүктеді.

Әкімдіктерге өңірлердің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту бойынша "Жаңғырту карталарын" әзірлеу тапсырылды. Бұл карталар негізінде салалық мемлекеттік органдар ТМС жобаларын олардың тозу деңгейін ескере отырып, жаңғырту тәртібін айқындайды. Одан кейін техникалық және қаржылық операторлар қажетті қаржы көлемінің алдын ала есептерін дайындайды. Қолжетімді қаржыландыру көлемі мен жоспарланған жұмыстар туралы ақпарат ЭКСЖ-ні нақты жүзеге асыру жоспарын жасап, негізгі көрсеткіштердің (KPI) орындалуын тиімді мониторингтеуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін ҚР сауда және интеграция вице-министрі тағайындалғаны хабарланған.