ҚР Сауда және интеграция министрлігінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті.

Биыл жарты жылда 37 мыңнан астам шағым тіркелген. Бұл – азаматтардың тауар мен қызмет сапасына қатысты талаптары артқанын көрсетеді. Шағымдардың дені бөлшек сауда саласына тиесілі. Одан кейінгі орындарда электрондық сауда, тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тұр. Байланыс, туризм, медицина және көлік салалары бойынша да шағымдар саны көбейген.

Мәселен, байланыс қызметтері бойынша өтініштер үш жарым есе, туристік қызметтер үш есе, медициналық қызметтерге қатысты шағымдар екі есе артқан.

"10 мыңнан астам азаматтың қатысуымен жүргізілген сауалнама тұтынушылардың проблемалармен жүйелі түрде бетпе-бет келіп отырғанын көрсетті. Респонденттердің 71 пайызы автокөлікпен жолаушы тасымалдау сапасына, 64 пайызы теміржол қызметіне көңілі толмайтынын айтқан", – деп хабарлайды министрлік.

Сауалнамаға қатысқандар көлік ішіндегі санитарлық жағдайдың төмендігін, қызметкерлердің дөрекілігін ерекше атап өтті. Туризм саласында респонденттердің жартысы алданып қалғанын, ақшаларын қайтара алмағанын жеткізген. Медицина, банк, интернет қызметтері бойынша да наразылық жоғары.

Азаматтық авиация саласы да бақылауда. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, ішкі нарықта төрт ірі әуе компаниясы жұмыс істейді. Ұшақ билеттерінің құны бағыт пен сатып алу уақытына байланысты 30 бен 80 АҚШ доллары аралығында. Қазіргі таңда 22 әлеуметтік маңызды әуе бағыты мемлекет тарапынан субсидияланып отыр.

Денсаулық сақтау саласында бақылау және лицензиялау мәселесі өзекті болып отыр. Министрлік бес жылдық мерзіммен лицензия беруді енгізу, барлық медициналық ұйымдарды цифрлық бақылау жүйесіне қосу, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен тұтынушылық шағымдарды қарау бағыттарында өкілеттіктерді нақты бөлу жөнінде ұсыныс жасады. Қызмет сапасына Денсаулық сақтау министрлігі жауап берсе, қаражатты қайтару мәселесін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті қарастырады.

Туризм саласында ұлттық стандарттардың тиімділігі талқыланды. Кеңес қазіргі стандарттардың тек ұсынымдық сипатта екенін атап өтіп, міндетті талаптарды нормативтік-құқықтық актілерге енгізу қажет деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, демалыс аймақтарындағы санитарлық талаптарды сақтау және тамақтану сапасын бақылау мәселелері де көтерілді.

Электрондық сауда қарқынды дамып келеді, бірақ тұтынушының сенімі әлі де төмен. Шағымдар көбіне тауардың сапасына, ақшаны қайтару қиындықтарына және жеткізу мерзімдеріне байланысты туындайды. Осыған байланысты Сауда министрлігіне Digital Kazakhstan Association-мен бірлесе отырып, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобасына түзетулер енгізу тапсырылды.

Кеңес барысында бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Көлік министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен және депутаттармен бірлесіп, такси агрегаторлары мен әуе тасымалдау тарифтері бойынша саясатты қайта қарап, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру жүктелді. Денсаулық сақтау министрлігіне медициналық ұйымдарға мемлекеттік бақылауды күшейту, соның ішінде Бас прокуратурамен бірлескен шаралар ұйымдастыру тапсырылды.