Жасанды интеллект әтір шығарды. AI Spirit деп аталатын хош иісті Иннополис университетінің студенттері ойлап тапқан, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AZƏRTAC-қа сілтеме жасап.

Иннополис университеті студенттері негізін қалаған AI Spirit жобасы SD-1 (Synthetic Dream) хош иісін – жасанды интеллект көмегімен жасалған "сингуляр парфюмнің" алғашқы нұсқасын таныстырды. Нейрожүйе әлемдегі ең танымал 40 мың парфюмнің құрылымын және пайдаланушылардың пікірлерін талдап, иістің тартымдылығының әмбебап формуласын табуға тырысқан.

"Біздің команда хош иістің тартымдылық кодын тауып, әлемдегі ең үздік парфюмді жасау мақсатын қойды", – дейді AI Spirit-тің тең құрылтайшысы Сергей Полин.

Жобада кәсіби парфюмер Вероника Ямилова да жұмыс істеген. Ол нейрожүйенің бастапқы деректерін түсіндіріп, синтетикалық формуланы дайын өнімге айналдыруға көмектескен.

"Жігіттер жансыз алгоритм ғана емес, иістер, эмоциялар мен адамдардың талғамы арасындағы көзге көрінбейтін байланыстардың нақты картасын ұсынды", – дейді Ямилова.

Ароматтың құрамында ирис, жасмин, қызғылт бұрыш пен тубероза ноталары бар.

Қазір SD-1 иісі рум-спрей форматында қолжетімді. Команда оны туалет суы ретінде сертификаттаудан өткізіп, шектеулі мөлшерде шығару жоспарлап отыр. Болашақта AI Spirit брендтердің сұранысына орай арнайы хош иістер жасап, тіпті әр адамға жеке парфюм таңдауға көмектесуді көздейді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget