Астанада әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті өтті. Азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның медиапорталында хабарланғандай, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге полиция қызметкерлері, ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері, жеке меншік күзет агенттіктерінің өкілдері және 500-ден астам волонтёр жұмылдырылды.

Концерт күні қала тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін "Астана Арена" стадионына бес негізгі орыннан — "Астана" циркі, "Хазрет Сұлтан" мешітінің автотұрағы, "Қазақстан" спорт сарайы, Бас мешіттің автотұрағы және EXPO аумағынан — әр 30 минут сайын 100-ге жуық автобус қатынап тұрды. Бұл көлік ағынын оңтайландырып, стадион маңындағы кептелістердің алдын алуға мүмкіндік берді.

Іс-шараны бақылау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында турникеттер мен бейнебақылау камералары орнатылып, полиция департаментінің мобильді жедел штабы жұмыс істеді. Бақылау-өткізу бекеттерінде билет тексеру және қауіпсіздік шараларын жүргізу үшін металл іздегіш рамкалар мен рентген-телевизиялық құрылғылар орнатылды.

Концертке келген көрермен тексеру және кіргізу үдерісінің жылдам әрі кідіріссіз жүргізілгенін атап өтіп, іс-шараның ұйымдастырылуына оң бағасын берді. Қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында концерт өтетін аумақ пен оған іргелес көшелерде патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар және криминалдық полиция қызметкерлері кезекшілік атқарды.

Сонымен қатар жол-патрульдік полиция көлік қозғалысын реттеп, жол-көлік оқиғаларының алдын алды. Іс-шара барысында полицияға бірнеше бала жоғалғаны және жеке заттар да жоғалғаны туралы хабарламалар келіп түсті. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде тәртіп сақшылары балаларды тауып, ата-аналарына табыстады. Сондай-ақ жоғалған заттар иелеріне қайтарылды.

Шетелдік қонақтарға ақпараттық және құқықтық көмек көрсету мақсатында туристік полиция жұмыс істеді. Туристерге қаланы бағдарлау, қажетті орындарды табу және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қолдау көрсетілді. Қала тұрғындары мен қонақтар концерт барысында қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз еткені үшін полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз