2025 жылғы 1 тамызда Дархан Алиақпаров ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне қарасты Атомдық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі хабарлады.

Дархан Жұматайұлы жоғары білімді. Ол академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (мамандығы – техникалық физика), «Тұран-Астана» университетінің (мамандығы – заңтану), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының (бағыты – бизнес және басқару) түлегі.

Еңбек жолын 2008 жылы Жезқазған жылу электр орталығында (Қазақмыс корпорациясы ЖШС) бастаған. Онда машинист-қараушыдан станция ауысым бастығына дейін көтерілді.

2014 жылдан бері атом және энергетика саласындағы қадағалау және бақылау жүйесінде жұмыс істейді. Астана қаласындағы аумақтық департаментте әртүрлі қызметтер атқарған – бас маманнан бастап басшының орынбасары және департамент басшысы лауазымдарына дейін. Кейін ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінде аумақтық бөлімшелердің жұмысын үйлестіру, мониторинг жүргізу және азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс істеу басқармасын басқарған.

2020 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Бұған дейін Мейірлан Раханов Ақпарат комитетінің төрағасы қызметінен босатылғаны хабарланған болатын.