Тамыз айының алғашқы аптасында өтетін Дүниежүзілік бала емізу апталығы аясында Қазақстанда балаға достық қарым-қатынас жасайтын ауруханалар желісін қалыптастыруға бағытталған ұлттық жоба іске қосылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 1 тамыз күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бастама Астанадағы Медициналық университетте өткен республикалық кеңесте таныстырылды. Іс-шараға денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, штаттан тыс бас педиатрлар және халықаралық серіктестер қатысты.
Аталған жобаны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) және АМУ университетімен бірлесе жүзеге асырады. Жобаның басты мақсаты – ана мен нәрестеге қолайлы орта құрып, елімізде емізу деңгейін арттыру.
"Біз әрбір медициналық мекеме ана мен баланы қолдайтын, сенім мен қамқорлыққа толы орынға айналғанын қалаймыз. Бұл тек денсаулық сақтау жүйесінің міндеті ғана емес – бұл елдің болашағы алдындағы ортақ жауапкершілік", — деді министр Әлназарова.
Жоба аясында еліміз бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек және перинаталдық орталықтарда жұмыс істейтін 400-ден астам маманды оқыту жоспарланып отыр. Әсіресе, сәбидің алғашқы күндерінен бастап денсаулығының негізі саналатын тек ана сүтімен емізуді насихаттауға баса назар аударылады.
Министрлік мәліметінше, бүгінде 6 айға дейінгі нәрестелердің 71%-ы тек ана сүтімен қоректенеді, ал 2 жасқа дейінгі 400 мыңға жуық бала емшек сүті мен қосымша тамақпен қатар тамақтанады. Бұл көрсеткішті 85%-ға дейін жеткізу көзделуде.
Жобаны қолға алушылардың пікірінше, балаға достық қарым-қатынас орнататын ауруханалар желісін құру – келер ұрпақтың саулығына қосылған маңызды үлес болмақ.