Қауіпті дерт – қант диабетіне шалдыққан жарты миллионнан астам науқастың тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі, сырқат әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тасталынды.
Осылай деген алматылық науқастар Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған шешімнің қайта қарастырылуын сұрайды.
"Қант диабеті – Қазақстандағы инфаркт пен инсульттің басты себептерінің бірі. Әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарынан алып тастау науқастардың денсаулығы мен өмір сүру сапасына теріс әсер етуі мүмкін", – дейді баспасөз жиынына қатысушылар.
Басқосуда дертті емдеудегі препараттар мәселесі де сөз болды. Елімізде 535 мыңнан астам науқас қант диабетімен есепте тұр, деп жазады qazaqstan.tv.
"Қант диабеті – медициналық ауру ғана емес, сондай-ақ еңбекке жарамсыздық, мүгедектік және өлім-жітім мәселесі қоса жүретін әлеуметтік маңызы бар дерт. Сондықтан бұл сырқатқа қатысты кез келген шешім жіті зерттелуі тиіс. Ол үшін бірінші кезекте, қант диабетімен күрестің ұлттық жоспарын түзу керек және әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне қайта қосқан дұрыс." Жанай Ақанов, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстандық қант диабетін зерттеу қоғамының басшысы
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі алаңдауға еш негіз жоқ дейді. Айтуларынша, қант диабеті әлеуметтік мәні бар ауру ретінде қарастырыла береді. Десе де, халықаралық тәжірибеге сай және терапияға қолжетімділікті кеңейту мақсатында оны қаржыландыру міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне ауыстырылды.