Батыс Қазақстан облысында биылғы 6 ай ішінде 563 жол апаты болып, 36 адам қаза тапқан. Бұл туралы жергілікті полиция қызметінің бастығы Олжас Ыбырайымов мәлімдеді.
2025 жылдың алғашқы жартысында былтырғы 434 оқиғамен салыстырғанда биыл жол апаты көбейіп кеткен. Түрлі дәрежеде жарақат алған адамның саны да былтырғы 576-дан асып, 849-ға жетіпті.
– Апаттың негізгі себебі – жол ережесі өрескел бұзылады, әсіресе жылдамдықты шектен асыру жиі кездеседі. Жүргізушілер жол қиылысы мен жаяу жүргінші өткелінде, басып озу, маневр жасау кезінде ереже сақтамайды. Рөлде келе жатып телефон пайдалану да азаймай тұр. Біз осындай ереже бұзушыларды анықтау үшін жұмысты күшейтіп, жыл басынан бері көлік айдап келе жатқанда телефонды пайдаланған 2 399 жүргізушіні анықтадық. Олардың бәрі жауапқа тартылды. Бұл бағытта жұмысты әлі де күшейтеміз, – дейді О.Ыбырайымов.
Сараптама облыс орталығы Орал қаласы аумағында, сондай-ақ Орал-Ақтөбе, Чапаев-Жалпақтал-Қазталов және Подстепное-Елек тасжолдарында ереже жиі бұзылатынын көрсеткен.
Шыны керек, бүгінде жол ережесі қатал деуге болады. Тек Батыс Қазақстан облысының өзінде жыл басынан бері 2 мыңнан аса жүргізуші көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған. Жол ережесінің сақталуын жария және жасырын қадағалайтын 10 «Екин Патрол», «Х споттер», «Ютонг марш» арнайы көліктері, 20 «Кибер Шериф» арнайы көлігі облыс аумағында күні-түні қызмет етіп, 10 мыңнан аса құқықбұзушылықты анықтаған. Одан бөлек, өңірде орнатылған 153 автоматты техникалық құралдың көмегімен 62 473 құқықбұзушылық тіркелген. Мемлекет пайдасына өндірілген айыппұл көлемі 590 млн теңгеге жуықтаған.
– «DJI Matrice 350 RTK» маркалы ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен Орал-Атырау және Подстепное-Елек тасжолдарынан мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ көліктерді, ереже бұзған жүргізушілерді анықтап, әкімшілік жауапқа тарттық, – дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы.
Бүгінде облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 40-қа жуық автопатруль кезекшілікте жүр.
Соңғы кезде мопед сынды жеңіл техниканың көбейгені де жол қауіпсіздігіне әсер етіп тұр. Мопед мінген жүргізушілер биыл 10 мәрте жол апатына түсіпті. 9 адам жарақат алған. Мас күйінде жолға шыққан, шлем кимеген, жолда келе жатып телефонға алаңдаған, жүргізуші куәлігінсіз және тіркелмеген мопедті айдаған 207 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Соның 36-сы кәмелетке толмаған жасөспірім екен.
Қазір Орал қаласында көше жолдары жөнделіп, көлік қатынасына уақытша қиындық көбейген. Жайық өзеніндегі екі көпірдің бірі де екі апталық жөндеуге жабылатыны хабарланды. Осының бәрі жол қозғалысы кезінде аса абай болуды талап етеді.
Батыс Қазақстан облысы