Батыс Қазақстан облысында Facebook-те қоқан-лоқы, балағат түрінде қалдырған сөздері үшін ер адамның шартты түрде бас бостандығы шектеліп, қара жұмысқа да жегілетін болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 2-бөлігі және 380-бабының 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген айыппен ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта азамат К. 2025 жылдың 15 сәуірінде интернет-телекоммуникация желісін пайдалана отырып, Шыңғырлау ауылында бола отырып, бүркеншік атпен Facebook-тегі парақшасында қызметтік міндеттеріне байланысты өлтіремін, ұрып-соғамын деген сипатта лауазымды тұлғаны қорлау туралы пікірлерін жариялағаны анықталды.
Сот психолого-филологиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, сотталушының мәлімдемелері жәбірленушінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қатысты қорлау болып табылады.
"Сотталушының мәлімдемелерінде орыс тілінің анайы инвективті лексикасының құрамына кіретін сөздер бар және жәбірленушіге қауіп төндіретін белгілер бар", делінген сот хабарламасында.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындап, өкініш білдірді.
Сот үкімімен сотталушы айыпталған әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жеке мәліметтерді, сондай-ақ шын жүректен өкіну түріндегі жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуын, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны тағайындады.
Сотталушы барлық мерзімге жыл сайын 100 сағат көлемінде қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын өтеу мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар, жәбірленушілерге өтемақы қорына 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мәжбүрлі төлем өндірілді, бұл 58 980 теңгені құрайды.
Үкім заңды күшіне енді.